19 маусым – Шымкент қаласының туған күні. Биыл да мегаполистің басты мерекесі кең көлемде аталып өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлады. Қала күнінің басты шарасы ретінде «Астана» алаңында ұйымдастырылған ауқымды гала-концерт көпшіліктің басын қосып, мерекелік көңіл-күйдің орталығына айналды.
Гала-концертте жергілікті өнерпаздармен қатар отандық эстраданың танымал өнер жұлдыздары өнер көрсетті. Ән сүйер қауым Зируза, Еділжан, Заттыбек Көпбосынұлы, Досымжан Таңатаров, Әбдіжаппар Әлқожа, Төреғали Төрәлі, Нұрболат Абдуллин, Әділет Жауғашар, Ильхан, Райм және «КешYOU» тобының орындауындағы сүйікті әндерді бірге шырқап, ерекше әсерге бөленді.
Мерекелік кештің шырайын келтірген тележүргізушілер Еркебұлан Мырзабек пен Марат Оралғазин көрермендермен еркін сұхбат құрып, думанды кештің сәнін арттырды.
Кеш соңында ұйымдастырылған әсерлі отшашу мерекенің шарықтау шегіне айналды. Түрлі түсті оттар түнгі аспанды көмкеріп, мыңдаған көрерменнің қошеметіне бөленді. Осылайша, Қала күні Шымкент тұрғындары үшін жарқын әсер мен ұмытылмас сәттерге толы мерекеге айналды.
Айта кетейік, Шымкенттің туған күніне арналған мерекелік іс-шаралар мұнымен аяқталмайды. Ертең сағат 10:00-де Түркістан сарайында «Шырайлы, шежірелі құтты мекен…» атты республикалық ақындар айтысы өтсе, кешкі сағат 19:00-де мерекелік бағдарлама отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін ауқымды гала-концертпен түйінделмек.
Қала тұрғындары мен қонақтарын мерекелік шараларға қатысып, Шымкенттің туған күнін бірге атап өтуге шақырамыз!


