Қала күні мерекесінде Шымкент қаласының өндірістік және экологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған тағы бір маңызды инвестициялық жоба іске қосылды. Қаланың «Жұлдыз» индустриялық аймағында «Шымкент аккумуляторларды кәдеге жарату зауыты» ЖШС-нің жаңа өндірістік нысанының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жобаның өңір үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған кәсіпорын пайдаланылған аккумуляторларды экологиялық тұрғыдан қауіпсіз кәдеге жарату және қайта өңдеу бағытында жұмыс істейді. Бұл жоба қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды тиімді басқару және өндірістік ресурстарды қайта айналымға енгізу мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Жобаның жалпы инвестициялық құны — 2 миллиард теңге. Өндіріс орнын салу үшін «Жұлдыз» индустриялық аймағынан 2,3 гектар жер телімі бөлінген. Кәсіпорын толық өндірістік қуатына шыққан кезде жылына 50 мыңға дейін пайдаланылған аккумуляторды қайта өңдеуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, зауытта 60 тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға өз үлесін қоспақ.
Қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуы қала экономикасының әртараптануына септігін тигізеді. Соңғы жылдары Шымкентте шикізатты терең өңдеуге негізделген өндірістерді дамытуға басымдық беріліп келеді. Мұндай кәсіпорындар дайын өнім шығарумен қатар, өңірдің өндірістік тізбегін кеңейтіп, жергілікті экономиканың тұрақты дамуына негіз қалайды.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобалар тек өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да әсер етеді. Өйткені қалдықтарды қайта өңдеу жүйесінің дамуы тұрғындар арасында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қағидаттарын нығайтады.
