Көп әйел алуды насихаттаған алматылық блогер жазаға тартылды.
Алматыда әлеуметтік желіде көпәйелділікті насихаттайтын материалдар жариялаған блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті. Полиция қызметкерлері мониторинг барысында ер адамның үш әйелін көрсетіп, ел заңнамасы мен моральдық-этикалық нормаларға қайшы келетін көпәйелділікті насихаттаған жазбаларын анықтады. Тәртіп сақшылары автордың жеке басын анықтап, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабы 3-1-бөлігі («Құқыққа қайшы контентті орналастыру») бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес, елде тек бір некелілік принципі танылады және көпәйелділікке заң жүзінде рұқсат етілмейді.
