Қазақстанның барлық өңірінде «Әділет» партиясының филиалдары құрылмақ. Жексенбі күні өткен партияның кезектен тыс съезі елдің түкпір-түкпірінен келген 600-ден астам делегат пен қонақтың басын қосты. Жиында жаңа саяси ұйымның стратегиялық бағыты айқындалып, алдағы мақсат-міндеттері жария етілді.
Съездің басты тақырыптарының бірі – «Әділет» пен «Аmanat» партияларының бірігу мәселесі болды. Делегаттар бұл бастаманы бірауыздан қолдап, қос партияның күш біріктіруі елдегі саяси жаңғыруға жаңа серпін беретінін атап өтті. Қолдау білдірушілер қатарында 30-дан астам қоғамдық ұйым өкілдері мен Amanat партиясының мүшелері де бар.
«Әділет ТВ» телеарнасына берген сұхбатында партияның Саяси кеңес бюросының мүшесі Рауан Кенжеханұлы ұйым жұмысының басты нәтижесі өңірлердегі нақты істер мен халықпен тікелей байланысты жұмыстар арқылы бағаланатынын айтты. Оның сөзінше, партия қатарына қабылдау қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, азаматтардың жеке өтініші негізінде жүзеге асырылады.
Жаңа саяси кезеңнің бастауы болған съезде партияның республикалық деңгейдегі құрылымын қалыптастыру, өңірлік филиалдардың жұмысын жолға қою және қоғаммен ашық диалог орнату мәселелері де кеңінен талқыланды.
