Түркістан қаласындағы Керуен-Сарай туристік кешенінде өткен «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Қазығұрт ауданының мәдени күндері жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Шара барысында аудан өнерпаздары ұлттық ән-күй мен дәстүрлі өнерді дәріптеген мазмұнды концерттік бағдарламасын ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар қолөнер көрмелері мен этномәдени экспозициялар қойылып, Қазығұрт өңірінің бай мәдени мұрасы мен шығармашылық әлеуеті кеңінен таныстырылды.
Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Мақсат Беркінбай фестиваль қонақтары мен туристерге аңыз бен ақиқат тоғысқан, тарихы терең Қазығұрт өңірінің ерекшеліктерін кеңінен таныстырды. Сондай-ақ киелі Қазығұрт тауының тарихи-рухани маңызы, табиғаты көркем туристік орындары, ежелгі мәдени мұралары мен қарқынды дамып келе жатқан әлеуметтік-экономикалық әлеуеті туралы баяндап, ауданның туристер үшін тартымды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Кешкі гала-концертте аудан өнерпаздарымен қатар, киелі Қазығұрттың тумасы, белгілі өнер қайраткері Өктем Алтаев өнер көрсетіп, көпшілікке әсем әндері арқылы керемет әсер сыйлады.
Айта кетейік, «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды мәдени жоба болып табылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


