Біздің бағытымыз — мемлекеттік саясатты қолдау арқылы ел экономикасы мен әлеуметтік саланың өркендеуіне серпін беру.

KIA Qazaqstan Қазақстанда автомобиль өндірісін локализациялау деңгейін арттырады.

Kia Qazaqstan компаниясы қазақстандық және халықаралық әріптестермен бірлесіп автобөлшектер шығаруды кеңейте отырып, өндірісті локализациялау деңгейін арттыруды жалғастырады. Бұл туралы Үкіметтің отырысында компанияның бас директоры Ким Де Ки хабарлады. Оның айтуынша, локализация компания дамуының стратегиялық бағыттарының бірі. Kia компаниясының қолдауымен Қазақстанда электр сымдарын, автокөлік орындықтарын, интерьер элементтерін және басқа да бөлшектерді өндіру бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Осы жылдың соңына дейін Kia компаниясы автомобильдерін локализациялау деңгейін арттыруды жоспарлап отыр. Ким Де Ки атап өткендей, компания үшін локализациялау қазақстандық қамту үлесінің өсуін ғана емес, сонымен қатар өндірістік кооперацияны дамытуды, елдің өнеркәсіптік базасын нығайтуды, заманауи технологияларды енгізуді және отандық жеткізушілердің тұрақты желісін қалыптастыруды білдіреді. Бұл Қазақстанның автомобиль саласын одан әрі дамытуға негіз болады. Бүгінгі таңда кәсіпорын сенімді дамып келеді және жоспарланған өндірістік көрсеткіштерге дәйекті түрде қол жеткізуде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 9 772 автомобиль өндірілді, бұл ретте өндірістің негізгі көлемі локализациялаудың анағұрлым жоғары деңгейін және өндірістік құзыреттерді дамытуды қамтамасыз ететін CKD технологиясына тиесілі.

Share.
Exit mobile version