Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізеді.
Кене энцефалитіне тоқталсақ, Комитет төрағасы Сархат Бейсенованың айтуынша, эндемиялық аймақтарда иммуноглобулиннің қажетті қоры бар. Жыл сайын Қазақстанда кене энцефалитінің 24-48 жағдайы тіркеледі, ал кене шағуына байланысты өтініштер саны 10-16 мың адамды құрайды. Биыл кене энцефалитінің 24 жағдайы тіркелді.
«Табиғи ошақтарда кенелерге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта еліміздің барлық эндемиялық өңірлерінде кенелерге қарсы өңдеудің бірінші кезеңі толық аяқталды. Ал Алматы қаласында, Алматы облысында және Жетісу облысында өңдеудің екінші кезеңі де аяқталды, – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі кенеден қорғанудың негізгі ережелерін еске салды. Орман, саябақ және табиғи аумақтарға барған кезде кененің денеге жабысып қалуына жол бермейтін жабық киім киген жөн (ұзын жеңді, жеңі білезік тұсында қымталатын жейде, шалбарды шұлықтың немесе етіктің ішіне салып кию ұсынылады). Бас пен мойынды орамалмен, капюшонмен немесе биік жағалы киіммен жабу қажет. Сондай-ақ репелленттерді пайдаланып, киім мен дененің ашық бөліктерін жүйелі түрде тексеріп отырған дұрыс.
«Егер денеге кене жабысып қалғаны анықталса, оны қауіпсіз алып тастау және қажет болған жағдайда шұғыл профилактика мәселесін шешу үшін мүмкіндігінше тез арада медициналық ұйымға жүгіну қажет. Кене шаққаннан кейін дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік немесе басқа да белгілер пайда болса, дереу дәрігерге қаралып, кене шаққаны туралы міндетті түрде хабарлау қажет», – деді Сархат Бейсенова.


