2026 жылы Қазақстан халықаралық спорттық күнтізбедегі маңызды орталықтардың бірі ретінде әлемдік және құрлықтық деңгейдегі 20-ға жуық ірі жарысты өткізеді.
Халықаралық жарыстар Астана, Алматы, Түркістан қалаларында ұйымдастырылып, олимпиадалық, паралимпиадалық және инновациялық спорт түрлерін қамтиды.
Жылдың басты жарыстарының қатарында Астанада өткен дзюдодан Гранд-слам, Алматыдағы стенд атудан ISSF Әлем кубогы, Түркістандағы пара каноэден Азия чемпионаты, Астанадағы боччадан Әлем кубогы, Алматыдағы каратэден Азия чемпионаты, сондай-ақ таеквондодан (WT) Финалдық Гран-при бар.
Сонымен қатар, 2026 жылдың ең ауқымды халықаралық жобаларының бірі – 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтетін «Болашақ ойындары» (Games of the Future) халықаралық мультиспорттық турнирі. Аталған жарыс дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияларды біріктіретін фиджитал спорт түрлерін дамытуға бағытталған.
Жыл бойы елімізде велотрек бойынша халықаралық Silk Way Series және Astana Open Series жарыстары, жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосанов мемориалы, джиу-джитсудан Азия чемпионаты, үстел теннисінен Қазақстан Республикасы Президентінің Ашық кубогы, мәнерлеп сырғанаудан Denis Ten Memorial Challenge Series турнирі және басқа да беделді додалар ұйымдастырылады.
