Шымкентте медицина қызметкерлері арасында дәстүрлі спартакиада өтті.
Шымкент қаласында Медицина қызметкерлері күніне орай дәстүрлі спартакиада ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған спорттық шара жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Биылғы жарысқа қаладағы 43 медициналық ұйымның қызметкерлері қатысты. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қатысушы командалар саны өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Бұл медицина саласы мамандарының спортқа деген қызығушылығы мен белсенділігінің жоғары екенін көрсетеді.
Спартакиада аясында кіші футбол, волейбол, үстел теннисі, 400 метрге жүгіру, 16 келілік гір тасын көтеру және арқан тарту бойынша жарыстар өтті.
Екі күнге созылған дода қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер командалар Алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.


