9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні! Бұл кәсіби мереке 2019 жылдан бері еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, табиғи ресурстарды қорғап жүрген 29 мыңнан астам маманның құрметіне бекітілген.
Жыл сайын 9 шілдеде су шаруашылығы жұмыскерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Бұл сала мамандары гидротехникалық құрылыстардың сенімді жұмысын, су инфрақұрылымын дамытуды және су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етеді. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында халық пен кәсіпорындар тұрақты түрде сумен қамтамасыз етіліп, еліміздің су қауіпсіздігі сақталып отыр.
Жер бетінің шамамен 71% пайызын су құрайды. Жалпы көлемі шамамен 1,38 миллиард текше шақырымды құрайды. Оның ішінде ауыз суға жарамды тұщы су қоры – бар болғаны 2,5% — 3,5% аралығында. Тұщы судың негізгі бөлігі, яғни шамамен 70%-ы мұздықтар мен мәңгі қарларда қатып жатыр. Жаһандық климаттың өзгеруіне және су ресурстарының сарқылуына байланысты әлемде су мамандарының, оның ішінде гидрологтардың, инженерлердің, ирригаторлардың рөлі артып отыр. Өйткені олар суды тиімді пайдалану, жаңа технологияларды енгізу және су тапшылығының алдын алу жұмыстарымен айналысады. Климаттың өзгеруіне байланысты әлемде су тапшылығының жаңа кезеңі басталды. Құрғақшылық пен аптап ыстық жыл сайын жаңа рекордтар жаңартып келеді. Осыған байланысты көптеген елдер су қорын басқару жүйесін қайта қарап, ауыл шаруашылығында су үнемдейтін технологияларға көшуді жеделдетті. Қазақстан да бұл мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан «судың да сұрауы бар» деген түсінікпен күнделікті тұтынып отырған суымызды үнемдеп, ирригацияны дамыту және ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты маңызды міндеттерді орындайтын мамандардың еңбегін бағалап, кәсіби мерекесімен құттықтап қойғанымыз абзал шығар.
Мереке құтты болсын!
Adilet-ақпарат
