ҚР оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында атап өткендей, жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жүйесін дамыту ашықтық, тиімділік және атаулылық қағидаттарына негізделген заманауи қаржыландыру тетіктерін енгізуді талап етеді. Былтыр қараша айында «OrtaBilim» сервисі іске қосылды. Бұл тәуекелдерді азайтуға және бұзушылықтары бар жекеменшік мектептерді қаржыландыру жағдайларын болдырмауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыру жөніндегі пилоттық жоба бекітілді.
«2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік тапсырысты орналастыруға және жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерде ғимараттың амортизациясына арналған шығыстарды қаржыландыру бойынша жаңа міндеттемелерді қабылдауға мораторий енгізілді. Бұл бюджеттік қаржыландыру көлемін тұрақтандыруға және олардың одан әрі бақылаусыз өсуін тежеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекет жұмыс істеп тұрған мектептер алдындағы міндеттемелерді орындауды жалғастыруда: жыл басынан бері пилоттық жоба шеңберінде 749 жекеменшік мектепке 100 млрд теңгеден астам қаражат төленді», – деді спикер.
Сонымен қатар, мемлекеттік білім беру тапсырысын аймақтардың оқушы орындарына деген нақты қажеттілігін жабатын жеке мектептерде ғана орналастыру ұсынылады. Прокуратура органдары мемлекеттік органдармен бірлесіп, жекеменшік мектептердің белгіленген білім беру стандарттарына сәйкестігіне лицензиядан кейінгі бақылауды жүргізеді. Бұл ретте оқу-ағарту вице-министрі пилоттық жоба шеңберінде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейінге қалдыру нормасы белгіленгенін, оған сәйкес білім беру қызметінің оқу корпусы нысаналы мақсаты сәйкес келмеген жағдайда мектеп мемлекеттік білім беру тапсырысын алуға үміткер бола алмайтынын атап өтті.
