Біздің бағытымыз — мемлекеттік саясатты қолдау арқылы ел экономикасы мен әлеуметтік саланың өркендеуіне серпін беру.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Чинкисбаевамен кездесті.

Кездесуде өңірде жүзеге асып жатқан әлеуметтік жобалардың нәтижесі сараланып, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы бірлескен жұмыстардың алдағы бағыты талқыланды.
Облыс әкімі қор басшылығына Түркістан өңіріне көрсетіліп отырған тұрақты қолдау үшін алғыс айтып, бұл әріптестіктің өңірдің адами капиталын дамытуға бағытталғанын атап өтті. 2022 жылдан бері қор арқылы облыста жалпы құны 12 млрд теңгеден асатын жобалар жүзеге асырылып, білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және әлеуметтік қорғау салаларына қомақты қолдау көрсетілген.
«Ең алдымен, Түркістан облысына көрсетіп отырған жүйелі қолдауларыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Біз Қормен арадағы әріптестікті бір реттік көмек емес, өңірдің адами капиталын дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық ынтымақтастық деп бағалаймыз. Бүгінде Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында 1800 орындық жаңа буынды дамыту орталықтары салынып жатыр. Облыс әкімдігі олардың құрылысы мен инфрақұрылымына қаржы бөлді. Қор тарапынан оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесін қарастыруды сұраймыз. Бұл ауылдық және шекара маңындағы аудандардағы мыңдаған балаға жаңа мүмкіндік береді», – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесуде «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік» жобасының жүзеге асырылу барысы да сөз болды. Қор қолдауымен өңірдегі 100 ауыл мектебіне 300 заманауи пән кабинеті жасақталады. Өз кезегінде облыс әкімдігі пән кабинеттерін жаңғыртуға және 4,5 мыңнан астам педагогтің біліктілігін арттыруға қажетті қаржы қарастырып отыр.
Share.
Exit mobile version