Біздің бағытымыз — мемлекеттік саясатты қолдау арқылы ел экономикасы мен әлеуметтік саланың өркендеуіне серпін беру.

           Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкент қаласы аумағында 31 заңсыз қоқыс орны анықталып, оларды жоюға құзырлы органдардан құралған арнайы мобильді топ жұмылдырылды. Мұнымен қоса, шаһарда қалдықты қайта өңдейтін жаңа зауыттың құрылысы басталды.

Мемлекет басшысы мен Бас прокурордың тікелей тапсырмасына сәйкес қолға алынған жобаның басты мақсаты — қала тұрғындары арасында жаңа эко-мәдениет қалыптастыру, бейберекет төгілген қоқыс үйінділерін тазарту және қоршаған ортаны ластаушыларға қатысты қатаң әкімшілік шара қолдану.

Ғарыштық мониторинг және мобильді топтар

           Қазіргі таңда Шымкентте әкімдік, полиция, Экология департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті және қала белсенділерінің басын қосқан арнайы мобильді топтар құрылған. Қала әкімінің тапсырмасымен өткен мекемеаралық жиында әр органға нақты міндеттер жүктеліп, орындалу мерзімдері бекітілді.

Ең қызығы, заңсыз қоқыс полигондарын анықтау жұмысы заманауи технологиялардың көмегімен жүзеге асып жатыр. Арнайы рейдтер мен бақылау барысын құзырлы тұлға Әлі Дінмұхаммед былай деп түсіндірді:

             «Заңсыз қоқыс орындарын анықтауда бірінші кезекте «Қазақстан ғарыш сапары» деректер базасына сүйенеміз. Ғарыштан түсірілген суреттер (космотүсірілімдер) арқылы қаланың қай нүктесінде қалдықтар үйіліп қалғанын дәл көре аламыз. Бүгінде бұл үйінділер прокуратураның үйлестіруімен және жергілікті әкімдіктердің, сондай-ақ экобелсенділердің қолдауымен жаппай жойылып жатыр».

Ластаушыларға — аяушылық жоқ: Заң тармақтары не дейді?

       Тәртіпке бағынбай, қаланы ластауды әдетке айналдырған тұлғалар енді жауапкершіліктен қашып құтыла алмайды. Заң бұзушыларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) бірнеше бабы бойынша ірі көлемде айыппұл салынады:

  • 434-2 бап: Қаланы ластау, қоқысты белгіленбеген орындарға тастау.
  • 505 бап: Жасыл екпелерді (ағаштар мен бұталарды) бүлдіру, күтіп-ұстау ережелерін бұзу.
  • 381 бап: Отырғызылған ағаштарды заңсыз кесу және жою.

Әкімшілік шаралармен қатар, қалада үгіт-насихат жұмыстары да қарқынды. Мысалы, шаһардағы барлық жолаушылар таситын қоғамдық автобустарда тұрғындардың экологиялық санасын оятуға бағытталған арнайы аудиороликтер тұрақты түрде қойылып жатыр.

Жаңа саябақтар мен инфрақұрылым

             «Таза Қазақстан» жобасы тек тазалықпен шектелмейді, бұл — қаланың сәулетін жақсартуға бағытталған кешенді жұмыс. Оңғар Әбілқайырдың сөзінше, бағдарлама аясында Шымкентте айтарлықтай оң өзгерістер бар:

              «Жоба аясында жаңа қоғамдық кеңістіктер бой көтеріп, пайдалануға берілді. Қалада ірі саябақтар салынып, өзен арналарын абаттандыру жұмыстары сәтті жүргізілді. Оған қоса, басталған қайта өңдеу зауытының құрылысы болашақта қалдықтар мәселесін түпкілікті шешуге септігін тигізбек».

Шымкент қаласының экологиялық тазалығы тек биліктің ғана емес, әрбір қала тұрғындарының да жауапкершілігі екенін түсу керек.

Ақерке Берекешова.

Adilet tv – ақпарат

 

Share.
Exit mobile version