Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қайтыс болғаннан кейін ағза донорлығына келісім беретінін мәлімдеді.
Вице-премьер «адам өмірі – табиғаттың бірегей сыйы әрі бұл дүниеде ешнәрсемен өлшеуге келмейтін ең жоғары құндылық» екенін атап өтті.
«Бұл мемлекетпен де, қоғаммен де, заңмен де, дінмен де мойындалған шындық. Әрине, бұл баршамызға ортақ, түсінікті ой. Бірақ, күні кеше «Хабар» арнасы түсірген «4739» деректі фильмін көріп отырып, осы ақиқаттың қаншалықты терең, қаншалықты маңызды екеніне тағы бір рет көз жеткізгендеймін. Сөз жоқ, бұл фильм біздің адам өмірін сақтаудағы технологиялық мүмкіндіктерге ғана емес, ең алдымен әр адамға тән үміт пен өмірге құштарлық, жүрек жылатар өкініш пен қуаныш, рухани күрес сияқты үлкен сезімдерге көзімізді қайта ашқандай», – деп жазды Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.
Статистикаға көз жүгіртсек, 2026 жылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша трансплантацияны күту парағында 4 739 пациент тұр. Олардың 125-і – бала. Көпшілігі үшін ағза трансплантациясы өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі болып отыр. Күту парағындағы 4 739 пациенттің 4 208-іне бүйрек трансплантациясы қажет. Бауыр ауыстыруды 293, жүрек трансплантациясын 208, өкпе трансплантациясын 30, ал «жүрек–өкпе» кешенін ауыстыруды 5 пациент күтіп отыр.


