Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев жұмыс сапарымен Ынтымақ және Майтөбе ауылдарына барып, салынып жатқан әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.
Алдымен аудан әкімі «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан Ынтымақ ауылындағы 200 орындық мәдениет үйінің құрылыс алаңында болды. Мердігер мекеме өкілдері нысанда атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, құрылыс барысымен таныстырды. Қазіргі таңда ғимараттың іргетасы мен қабырғалары толықтай қаланып, шатыр жабу жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, қосалқы резервуарлардың құрылысы толық аяқталған. Аудан әкімі құрылыс сапасына ерекше назар аударып, барлық жұмыстардың белгіленген талаптарға сәйкес әрі уақытылы орындалуы қажеттігін атап өтті.
Жұмыс сапары аясында аудан басшысы Майтөбе ауылында салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылыс нысанына да арнайы барып, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Медициналық нысан 45 емделушіге арналған. Амбулатория пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетіліп, 4 күндізгі төсек-орын жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, жаңа нысанда 5 дәрігер, 13 орта буын және 2 кіші буын медицина қызметкері еңбек етеді. Аудан әкімі мердігер мекеме өкілдеріне кемшіліктерді жойып, нысанды уақытылы
әрі сапалы аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.


