Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында 30 отбасыға жаңа пәтер кілттерін табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Баспана «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында берілді. Көп қабатты үйлер «Бозарық» шағынауданында орналасқан.
Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына төлем қабілеттілігін растаған азаматтар қатысты. Пәтер иелерінің қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ, бюджет саласының қызметкерлері бар.
Тілге тиек етейік, бұл осы отбасылар үшін көптен күткен қуанышты сәт әрі тұрмыс жағдайын жақсартуға жасалған маңызды қадам.
Айта кетейік, қала экономикасының серпіні ең алдымен құрылыс саласындағы белсенділіктен көрінеді. Тұрғын үй құрылысы – тек шаршы метрлер есебі емес, ол халықтың әлеуметтік көңіл күйі мен өмір сапасының тікелей көрсеткіші. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкентте баспана құрылысының соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп отырғаны қуантарлық жайт.
Жалпы алғанда, құрылыс көлемінің артуы мен әлеуметтік бағыттағы тұрғын үйдің көбеюі Шымкентте баспана саясаты тек сандық көрсеткіштерге емес, нақты әлеуметтік қажеттілікке негізделіп жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Бұл үрдіс алдағы жылдары да қала дамуының басты басымдықтарының бірі болып қала бермек.
«Adilet.tv»- ақпарат


