Алма – жыл он екі ай сұранысқа ие өнім.
Төлеби ауданындағы «Қазығұрт бақтары» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде 135 гектар алқапта алма өсіріледі. Жұмысын 2018 жылы бастаған кәсіпорын бір жылдан кейін-ақ Италиядан төрт түрлі сұрыптағы көшет әкеліп еккен. Шаруашылықтағы алма бағасы импорттық өнімнен 20–30 пайызға төмен. Алма терімі кезінде 150 адамды маусымдық жұмыспен қамтыса, жыл бойы бақты күтіп-баптау жұмыстарын 50 қызметкер тұрақты атқарады.
Ауылшаруашылығы министрлігінің алма импортына уақытша шектеу қоюын саудагерлер де қолдайды. Олардың айтуынша, сатып алушылардың басым бөлігі жергілікті өнімді таңдайды. Мәселен, дәл қазір сауда орындарында сатылып жатқан алма өнімдері Түркістан облысының аудандарынан жеткізілген.
Сала бойынша қауымдастықтың да мақсаты осы. Шеттен тасымалданатын алма көлеміне уақытша шектеу енгізіп, жергілікті шаруаларға қолдау көрсетілуі. Оған қоса, бұл қадам нарықты сапалы әрі жаңа жиналған жергілікті бақша өнімімен көбірек қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Шетелден әкелінетін алманың отандық өнімге қарағанда бағасы да қымбатырақ екені айтпаса да түсінікті. Себебі, тасымалдау және ұзақ сақтауға арналған өңдеу шығыны бар. Сондықтан, шығынды азайтып, жергілікті табиғи өнімді барынша тұтыну барлық жағынан тиімді болып тұр. Оның үстіне, биыл алма жақсы шығып, өнім мол болады деген жоспар бар.
Қарлығаш Байгөбек


