«Сізге Инвест.ком компаниясынан хабарласып тұрмын. Қуанышты жаңалығым бар! Құттықтаймыз! Сіз 1 миллион теңге ұтып алдыңыз. Ұтысты алуға дайынсыз ба? Ол үшін небәрі 38888 теңгені біз ұсынған есепсчетқа аударсаңыз болды». Бұл интернет-алаяқтықтың бір түрі ғана!
Әр күн сайын қазақстандықтар осы тектес хабарламаларды алады. Халықтың бірі — сеніп, алданып жатса, екіншілері — мұндайлармен байланысқысы да келмей, тұтқаны қоя салады, тіпті, көтермейді. Десек те, «миллионер» болам деп қуанып, алданатындар да аз емес. Бөгде адамға смс арқылы келген кодты айтуға болмайтынын қанша естіп, көрсе де, естен шығарып жібереді.
Өзін инвестициялық компанияданбыз немесе биржаданбыз деп сенімге кіретіндер алдын-ала схема құрады. Мәселен, сіз шотқа немесе нөмірге 100 000 теңге салсаңыз, 5 есе, тіпті, 10 есе табыс табасыз деп жеңіл ақшамен қызықтырады. Осындайда, оңай олжаға кенелгісі келгендер, құрыққа қалай ілініп жатқанын байқамай да қалады.
Сондай жанның бірі — Салиха Тасқынбай. Алаяқтар оған хабарласып автокөлік ұтып алғанын айтқан. Алайда, көлікті жеткізу үшін 100 000 теңгені белгілі бір есепшотқа салу керек екенін айтыпты. Салиха Тасқынбай ойланбастан алаяқтар айтқан есепшотқа ақшаны аударып жіберіпті. Осылайша не ақша жоқ, не көлік жоқ болып, бармағын тістеп қалыпты.
Құқық қорғау органдары мамандарының айтуынша, әккі алаяқтардың кейбірі заң қызметкерінің киімін киіп, видеоқоңырау шалады. Өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерімін деп таныстырады. Жоспарын ойластырғаны сонша, күмән қалдырмайды.
Осындай жолда «кәсіби маманға» айналған киберқылмыскерлер де жеткілікті. Олар жыл басынан бері отандастарымызға аз емес, 30 млрд теңгеге жуық шығын келтірген. Оған қоса, «фишинг», «дипфейк» құрығына ілігу фактілері де тыйылмай тұр. Биылғы жылдың 6 айында 10800 қылмыс тіркелген. Құзырлы органдардың шұғыл әрекетінің нәтижесінде 4,8 млрд теңге кері қайтарды. Алаяқтарға аудармақ болған 2,6 млрд теңге бұғаттады. Тіркелген қылмыстың 35%-ы ашылып, 837 адам жазаға тартылған. Дегенмен, «қылмыстық схеманы» тоқтату мүмкін болмай тұр. Себебі, алдайтындармен қатар, алданатындар
Шымкент қаласы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Мақсат Шегірбай полиция немесе банк қызметкерлері азаматтарға телефон арқылы хабарласып, есепшотқа қатысты алаяқтық фактісі орын алып жатқанын айтпайтынын ескетеді. Сондай-ақ, жеңіл табысқа қызықпауға шақырады. Үшінші тұлғаларға банк деректерін бермеуге кеңес береді.
Елімізде интернет-алаяқтармен күрес күшейтілген. Алайда алаяқтардан айла аспайды. Олар тіпті жасанды интеллектінің де қыр-сырын меңгеріп алған. Тәртіп сақшылары таргеттелген жарнама мен жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырылатын алаяқтықтың жаңа түрлерінен сақтануға шақырады. Және сандық технология дамыған заманда әр сілтемеге кіруге, бейтаныс нөмірлерден соғылған қоңырауға жауап берерде аса мұқият болу керек екенін ескертеді.
Саят Айдосұлы


