Түркістан облысындағы 640 елді мекендегі 2 миллионға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізе алады, бұл өңірді газдандыру деңгейін 90%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда өңірде 840 елді мекеннің 606-сы газбен қамтылған, ал облысты газдандырудың жалпы деңгейі халық саны бойынша 88%-ға жетті. Өткен жылы 87 нысанның құрылысына 20,7 млрд теңге бөлінді. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша 102 мыңға жуық тұрғынды қамти отырып, 41 ауыл қамтамасыз етілді. Биыл газдандыруды жалғастыруға және 74 нысанның құрылысына 13,7 млрд теңге бағытталды.
«Жыл соңына дейін 33 нысан пайдалануға берe жоспарлануда, бұл 34 елді мекендегі 35 мыңнан астам тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз етеді. Қалған 41 нысан келесі жылға өтпелі. Нәтижесінде, газдандыру деңгейі 90 %-ға жеткізіліп, 640 елді мекендегі 2 млн-ға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізетін болады»,- деді облыс әкімі.
Айта кетейік, еліміздің энергетика министрлігі газға қолжетімділік деңгейін 80%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бүгінде еліміздің газбен қамтылу деңгейі – 64,2%, табиғи газға 13,1 млн адам қол жеткізген. Биыл газ тасымалдау жүйесін дамыту 40 жоба аясында жалғасады, оның ішінде 7-сі бұрыннан бар және 33-і жаңа жоба.


