Ұлттық домбыра күні қарсаңында Шымкент қаласында дүниеге келген сәбилер мен олардың аналарына ерекше құрмет көрсетілді.
Салтанатты іс-шара қалалық №6 перзентханада ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақтың бойына төл мәдениет пен рухани мұраны бесіктен сіңіру мақсатын көздеді.
Дәстүрлі шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) жанындағы Аналар кеңесі ұйымдастырды. Осыдан 11 жыл бұрын бастау алған республикалық «Айналайын» акциясы жыл сайын Ұлттық домбыра күні аясында тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Биылғы акция Шымкент қаласында өте жоғары деңгейде әрі рекордтық көрсеткішпен өтті. Өзге өңірлерде бұл күні небәрі 2-3 ана перзентханадан шықса, Шымкентте бірден 10 ананы салтанатты түрде шығарып алу рәсімі өтті.
Демеушілердің қолдауымен, осы күні дүниеге бірінші болып келген алғашқы ұл баланың анасына қазақтың қасиетті қара домбырасы сыйға тартылды.
Аналар кеңесінің атынан сыйлық: Перзентханаға арнайы барған Зәуре Оралбаева бастаған ұйымның белсенді әйелдері әрбір анаға жеке-жеке ықылас білдіріп, өздері дайындаған арнайы сыйлықтарын табыстады.
Шара барысында шыққан 10 ананың бәріне де бағалы сый-сияпат жасалды. Оның ішінде нәрестелерге қажетті «Айналайын» жаялықтары мен аналардың иығына жабылған әдемі орамалдар бар.


