Бүгін тағы да шымкенттік 30 отбасы баспаналы болды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Көрме» орталығында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға баспана кілтін табыстады. Бұл шара бір аптада осымен үшінші рет өтіп отыр. Бұған дейін 60 отбасы жаңа баспананың иесі атанған болатын.
Жаңа баспаналар «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында, барлық талапқа сай келген азаматтарға берілді. «Бозарық» шағын ауданындағы көп қабатты үйлерден берілген пәтерлер заманауи әрі барлық талаптарға сай. Пәтер иелерінің дені – көп балалы және толық емес отбасылар, олардың ішінде жетім балалар да, мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Сондай-ақ, пәтерлер бюджет саласының қызметкерлеріне де табысталды.⠀
⠀
Қалада тұрғындардың баспана жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қала әкімі азаматтарды жаңа қоныстарымен құттықтап, пәтер кілттерін беру рәсімі одан әрі жалғасатынын айтты.⠀
Айта кетейік, бүгінде тұрғын үй кезегінде 92 мыңнан астам шымкенттік бар. 2026 жылы 1 983 отбасын жалдамалы тұрғынжаймен қамту жоспарланған. Сонымен бірге соңына дейін несиелік бағытта жалпы 5 мыңға жуық отбасы пәтермен қамтылады.⠀
«Adilet.tv» — ақпарат


