Шілде айында Қазақстанның бірнеше өңірінде мәдени, музыкалық және гастрономиялық бағыттағы ауқымды туристік іс-шаралар ұйымдастырылады.
Бұл фестивальдердің барлығы Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылғы негізгі туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Күнтізбедегі іс-шаралар оқиғалы және гастрономиялық туризмді дамытуға, өңірлердің туристік әлеуетін насихаттауға, сондай-ақ ішкі және келу туризмін жандандыруға бағытталған. 5 шілдеде Астанада ұлттық музыкалық мұраны сақтау мен дәріптеуге арналған «Асыл мұра» фестивалі өтеді. Бағдарлама аясында халық музыкасы орындаушыларының концерті, дәстүрлі музыкалық аспаптарда ойнаудан шеберлік сабақтары және мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Сол күні Петропавлда «Қызылжар әуені» халықаралық фестивалі басталып, 12 шілдеге дейін жалғасады. Фестивальге Қазақстанмен қатар Еуропа елдері мен АҚШ-тан келген өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар қатысады. 10-12 шілде күндері Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі өтеді. Бағдарламада этномәдени іс-шаралар, қолөнершілер жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары, ұлттық спорт ойындары және концерттік бағдарлама қамтылған. 11-12 шілде күндері Астана қаласында гастрономиялық туризмді дамытуға және ұлттық дәстүрлерді насихаттауға арналған Bai Qymyz гастрономиялық фестивалі өтеді. Іс-шара аясында қымыз өндірушілер байқауы, ұлттық тағамдар мен қымыздың дәмін тату, ұлттық киімдер көрсетілімі, тақырыптық конференция және концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. 18 шілдеде Түркістан облысында қазақ вальсінің королі атанған композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Шәмші әндері» фестивалі өтеді. Бағдарламаға концерттер, музыкалық кештер және мәдени іс-шаралар енгізілген. Ал 25 шілдеде Жетісу облысындағы Алакөл жағалауында «Алакөл толқындары» фестивалі ұйымдастырылады. Негізгі туристік іс-шараларды өткізу оқиғалы туризмді дамытуға, өңірлердің туристік тартымдылығын арттыруға, жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға және Қазақстанның бай мәдени мұрасын кеңінен танытуға ықпал етеді.


