ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «Әділет» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевпен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету тетіктерінің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Тараптар дәстүрлі қаржы құралдарына қол жеткізуде қиындық көріп жүрген және кредиттік берешегінің мерзімі өткен азаматтарды қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Кездесу барысында азаматтарға ақшалай қаражат бермей-ақ өндірістік активтерді ұсынуды көздейтін тауарлық кредит тетігін енгізу тұжырымдамасы қаралды. Бұл тетік аясында азаматтарға тегін оқудан өту, елді мекеннің мамандануына сәйкес қызмет бағытын таңдау, кәсіби сүйемелдеумен қамтылу және өнімді кепілді өткізу мүмкіндігі қарастырылған ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қатысу ұсынылады.
«Бүгінде біздің алдымызда қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтар үшін әлеуметтік ұтқырлықтың тиімді тетігін қалыптастыру міндеті тұр. Азаматтарға тек қолдау көрсету ғана емес, олардың тұрақты табыс көздерін қалыптастыруға және нәтижелі жұмыспен қамтуға тартуға жағдай жасау маңызды», – деді Асқарбек Ертаев.
«Кредиттік жүктемесі жоғары азаматтарға қатысты деректер бұл мәселенің жекелеген емес, жүйелі сипатқа ие екенін көрсетеді. «Әділет» партиясы шешім ретінде үш құрамдас бөліктен тұратын үлгіні ұсынып отыр: оқыту, тауарлық актив және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы өнімді кепілді өткізу. Бұл тетіктің «Ауыл аманаты» жобасының қолданыстағы инфрақұрылымына кіріктірілуі жаңа институттар құруды қажет етпеуі маңызды. Біз бұл құрал жүздеген мың азаматты нәтижелі жұмыспен қамтуға тартуға мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді «Әділет» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Кездесу қорытындысы бойынша тауарлық кредит тетігін енгізу бастамасын жан-жақты пысықтау туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл бағытта қажетті нормативтік және әдіснамалық базаны әзірлеу, оқыту модульдерін дайындау, пилоттық өңірлерді айқындау, сондай-ақ халықтың әлеуметтік әл-ауқатын бағалау тәсілдерін жетілдіру көзделген.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Әділет» партиясымен бірлесіп, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен ұсыныстарды пысықтау жұмысын жалғастырады.


