Журналист – қоғамның үнін жеткізіп, уақыттың шежіресін жазатын маман. Сондықтан олардың еңбегін бағалау тек марапатпен ғана емес, әлеуметтік қолдау көрсету арқылы да көрініс табуы маңызды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерді марапаттау рәсімінде аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Президент тапсырмасына сәйкес биыл алғаш рет өңірлерде еңбек етіп жүрген журналистерге тұрғын үй беру бастамасы қолға алынды. Аталмыш бастаманы Шымкенттік билік қолдай кетті. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты шарада жергілікті БАҚ өкілдеріне жаңа баспананың кілті табысталды. Баспана кілтіне ие болғандардың бірі — Аида Ташева. Ол «Оңтүстік» телеарнасында 15 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі тележүргізуші. Еңбек жолын «Таң нұры» бағдарламасынан бастаған журналист бүгінде бірнеше жобаны тізгіндеп, көрермен көзайымына айналды. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің биылғы мерекесінде журналистің еңбегі еленіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан баспана кілтін алды. Аида «бұл — менің ұзақ жылғы маңдай терімнің жемісі» дейді.
Аида Ташеваның баспаналы болғанын естіген сәттен ұжымдастары да риясыз қуанды. Жаңа пәтерге бірге келіп, шашуын шашты.
Ел Президентінің жергілікті журналистерге бөлген пәтерлерінің бірі тағы бір әріптесіміз, «Уақыт» газетінің редакторы Құдірет Момынханға бұйырды. Ұзақ жылғы еңбектің өтеуі болған бұл тарту — өмірімдегі жаңа белестің бастауы болады дейді Құдірет.
Жалпы, биыл елдің әр өңіріндегі 66 журналист баспаналы болды.
Баспана кілтін табыстау – журналистердің әлеуметтік мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама өңірдегі ақпарат саласы қызметкерлерінің еңбегіне берілген нақты қолдау ғана емес, кәсіби журналистиканың қоғамдағы орнына көрсетілген жоғары құрметтің айқын көрінісі болды.


