Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Қосарал ауылында 204-ші «Ауыл құтқарушыларының» ерікті өртке қарсы құралымының салтанатты ашылуы өтті.
Өрт сөндіру бекеті Қосарал ауылы мен Жетікөл ауылын қамтитын Жетікөл ауылдық округі тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл аумақта жалпы саны 780-нен астам адам тұрады. Іс-шараға Қазақстан ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев, Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов, ТЖД жеке құрамы, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысты. Бекет жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен салынып, жабдықталған. Қызмет атқаруға барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мұнда жатын бөлмелер, ас үй және өрт сөндіру техникасына арналған гараж бокс қарастырылған. Өрттер мен өзге де төтенше жағдайларға жедел әрекет етуді қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ бекетке өрт сөндіру автоцистернасын және өрт сөндірушінің 4 жиынтық жауынгерлік киімін табыстады. Бөлімше қажетті өрт-техникалық жарақтармен, байланыс құралдарымен және жабдықтармен толық жарақталып, білікті жеке құраммен қамтамасыз етілген. Осы нысанның ашылуы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге, сондай-ақ ауылдық жерлерде табиғи және дала өрттерінің алдын алу жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік береді.


