Жазғы демалыс кезеңінде балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты мәселе.
Шымкент қаласында балалардың көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен абайсызда құлау жағдайларының алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
2026 жылдың басынан бері қала аумағында балалардың терезеден құлауына байланысты 4 оқиға тіркелді. Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылы осындай 5 оқиға тіркелген.
Жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, барлық оқиғалар ата-аналардың немесе ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы және пәтер терезелерінің ашық болуы салдарынан орын алған.
Аталған жағдайлардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті «Қауіпсіз терезе» республикалық акциясы аясында кең көлемді түсіндіру және ақпараттық-насихат жұмыстарын жүзеге асыруда.
Жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында 59 рет сөз сөйлеу ұйымдастырылды. Оның ішінде теледидарда – 14, радиода – 45 рет түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, баспасөз беттерінде және әлеуметтік желілерде 32 ақпараттық материал жарияланды.
Халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында 28 жиын мен 113 рейд өткізіліп, 2069 тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шаралар барысында 3330 жадынама таратылып, көпқабатты тұрғын үйлердің терезелеріне 53 қауіпсіздік бекіткіші (блокиратор) орнатылды.
Профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында дыбыс зорайтқыш құрылғымен жабдықталған дрондар да пайдаланылуда. Бұл тәсіл арқылы тұрғындарға қауіпсіздік ережелері жөніндегі ескерту хабарламалары жеткізіліп, көпқабатты үйлерде тұратын ата-аналардың назарын балаларды қараусыз қалдырмау және терезелерге арнайы қорғаныс құралдарын орнату қажеттілігіне аудару көзделген.
Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары С. Құранбектің 2026 жылғы 6 сәуірде бекіткен «2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары» аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-шаралар жалғасатын болады.
2026 жылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджет есебінен «Балалардың көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен абайсызда құлауының алдын алу» тақырыбында А4 форматындағы 2305 дана жадынама дайындалып, тұрғындар арасында таратылуда.
Қазіргі таңда Департамент қызметкерлері адамдар көп шоғырланатын орындарда және көпқабатты тұрғын үйлерде түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және балалардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.


