Шымкентте 14 жас пен 16 жас аралығындағы мектеп оқушылары жазғы демалыста жұмыспен қамтылып, жалақы ала алады! Бірақ оның да өз талаптары бар.
Еңбек мобильділігі орталығының берген ақпаратына сүйенсек, 14-15 жас аралығындағы жасөспірімдерге “Менің жазғы демалысым” бағдарламасы аясында жұмыс берушілер бос орындарды Enbek.kz порталы арқылы ұсына алады. Мемлекет тарапынан бұл санаттағы жастарға ақылы қоғамдық жұмыстарға жолдама берілмейді. Олардың еңбекақысы жұмыс берушілер есебінен төленеді және мемлекет тарапынан субсидияланбайды.
16 жасқа толған жоғары сынып оқушылары мен студенттер ақы төленетін қоғамдық жұмыстарға тартылады. 16 жасқа толған жасөспірімдердің қоғамдық жұмыстар бағдарламасына қатысуы үшін, олардың 18 жасқа толмауына байланысты ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет. Орталықтың берген мәліметінше, маусым айында 161 мекемеден 661 бос жұмыс орны бойынша өтінім түсті. Ұсынылған жұмыс орындары мамандар тарапынан жан-жақты зерделеніп, жұмыс берушілердің салық төлемдерін жүргізуі, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуі және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауы бойынша тексерілді. Нәтижесінде 47 мекемеден 192 жұмыс орны бекітілді. Бүгінгі таңда аудандық мансап орталықтары арқылы 156 жасөспірім қоғамдық жұмысқа жолданып, еңбек етуде. Олардың 129-ы – студент, ал 27-сі – жоғары сынып оқушысы.
Бекітілген жұмыс орындарының басым бөлігі әкімдік құрылымдары, жоғары оқу орындары мен қоғамдық бірлестіктерге тиесілі.
Жасөспірімдердің жұмыс кестесі аптасына 36 сағаттан аспауы тиіс.
Айта кету керек, қоғамдық жұмысқа қатысушы жасөспірімдердің еңбекақысы 28 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленген және бұл қаражат мемлекет тарапынан субсидияланады.
Бағдарламаға қатысушы жасөспірімдердің еңбек қызметін арнайы мониторинг тобы тұрақты бақылауда ұстайды.
Оқушылар мен студенттер 31 тамызға дейін қоғамдық жұмыстарға қатыса алады.
Тілге тиек етейік, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің №476 бұйрығына сәйкес, ақылы қоғамдық жұмыстарға тек 16 жасқа толған жасөспірімдер ғана жолданады. Ал 14-15 жасар жасөспірімдер үшін enbek.kz порталындағы «Менің жазғы демалысым» бөлімі арқылы жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын жариялап, еңбекақы мөлшерін өздері белгілейді.
Жасөспірімді жұмысқа орналастыру үшін Мансап орталығына жеке куәліктің көшірмесі және 20 таңбалы банк шотының нөмірі ұсынылуы қажет.
Шымкент қаласындағы мансап орталықтарының мекенжайы:
Қаратау мен Еңбекші ауданы мансап орталығы – Астана шағынауданы 106;
Абай мен Тұран ауданының мансап орталығы – Арғынбеков 243/3;
Әл-Фараби ауданының мансап орталығы – Тәуке хан даңғылы 6.


