Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңадан салынған өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Маңызды нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бағдат Чайзада, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов және азаматтық қорғау саласының ардагерлері мен қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.
Шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтық қорғау жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар мұндай нысандардың шалғай елді мекендердегі қауіпсіздікті арттырудағы маңызын атап өтті.Өз кезегінде ауыл ақсақалы Ахметжан Эргешов тұрғындар атынан ризашылығын білдіріп, елдің амандығы жолында қызмет ететін құтқарушыларға ақ батасын берді.
Жаңа өрт сөндіру бекеті заманауи талаптарға сай салынған. Ғимарат төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге қажетті арнайы құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда жеке құрамның қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасалып, өрт сөндіру техникалары мен жабдықтарын орналастыруға арналған арнайы бокстар қарастырылған.
Салтанатты шара аясында бекеттің материалдық-техникалық әлеуетін арттыру мақсатында екі арнайы техниканың кілті табысталды. Бұл өз кезегінде ауыл аумағында орын алуы мүмкін өрт және басқа да төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін күшейтеді.Іс-шара барысында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен облыс әкімдігі тарапынан азаматтық қорғау саласында жемісті еңбек етіп жүрген қызметкерлер мен жобаның жүзеге асуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.
Айта кетейік, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Бағдарлама аясында өрт сөндіру бекеттерінің желісін кеңейту, материалдық-техникалық базаны нығайту және азаматтық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.


