Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шымкент қаласында азаматтық қорғаныс, сейсмоқауіпсіздік және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар баяндалды.
Биылғы бес айдың өзінде қаладағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелері мен ірі кәсіпорындарда 496 сейсмикалық оқу-жаттығу өткізілген. Оған 148 мыңнан астам адам мен 2400-ге жуық техника тартылды. Сонымен қатар, әуежай, сауда ойын-сауық орталықтары, тұрғын үй кешендері, базарлар және теміржол вокзалында өрт қауіпсіздігі бойынша тактикалық жаттығулар ұйымдастырылды.
Брифингте халықты төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар етуге арналған «Mass Alert» жүйесінің жұмысы да таныстырылды. Cell Broadcast технологиясына негізделген бұл жүйе белгілі бір аумақтағы барлық ұялы телефондарға бірнеше секунд ішінде ескерту хабарламасын жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жүйе Шымкент қаласында штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Мамандардың айтуынша, «Mass Alert» жүйесі тек жер сілкінісі кезінде ғана емес, өзге де ауқымды төтенше жағдайлар кезінде тұрғындарды жедел құлақтандыруға мүмкіндік береді. Осылайша, қалада төтенше жағдайлардың салдарын азайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.


