Түркістан облысында білім беру саласын дамыту, апатты, үш ауысымды және ыңғайластырылған мектептер мәселесін шешу бағытында жүйелі әрі жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған білім беру инфрақұрылымын дамыту және қолжетімді сапалы білім беру саясаты аясында жүзеге асырылуда. Сондай-ақ өңірдегі білім саласын жаңғырту жұмыстары Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде пайдалануға берілген жаңа мектептер саны жыл сайын артып, білім беру инфрақұрылымы жүйелі түрде жаңартылуда. Атап айтқанда, 2018 жылы – 39, 2019 жылы – 26, 2020 жылы – 23, 2021 жылы – 37, 2022 жылы – 24, 2023 жылы – 22, 2024 жылы – 11 және 2025 жылы 3 мектеп ел игілігіне берілді.
Ал биыл 2 мектеп пайдалануға тапсырылды. Қалған 6 мектеп пен 1 жатақхана жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ Жаңа буынды дамыту орталығының 4 нысаны салынып жатыр.
Жалпы 2018-2025 жылдар аралығында облыста 185 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа білім беру нысандарының іске қосылуы өңірдегі оқушы орындарының тапшылығын азайтуға, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін кезең-кезеңімен шешуге, сондай-ақ оқушылардың заманауи әрі қауіпсіз жағдайда білім алуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беруде.
Бүгінде облыста 1 106 мектеп жұмыс істейді. Мектептерді реновациялау бағдарламасы аясында 2025-2027 жылдары 115 мектепті жаңғырту жоспарланған. Былтыр 41 мектеп қамтылып, оның 26-сында жұмыстар толық аяқталды. Қалған 15 мектеп бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда және оларды 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін аяқтау көзделіп отыр. Биыл 38 мектепті реновациялау жоспарланған.
Жаңа оқу жылына дайындық аясында 125 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 60-ы аяқталды. Сонымен қатар білім беру ұйымдарын жаңғырту мақсатында 110 нысан кезең-кезеңімен қатты отыннан табиғи газбен жылыту жүйесіне көшірілуде
Жаңа білім беру нысандарын салу жұмыстары да жалғасуда. Былтыр өңірде 33 білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп, оның 29-ы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. Бұл шаралар апатты және үш ауысымды мектептер санын азайтуға бағытталған нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Жалпы атқарылып жатқан жұмыстар оқушылар үшін қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және білім сапасын арттыруға бағытталған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


