Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірде санитарлық тазалық талаптарының сақталуын бақылау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылып, тұрақты рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Түркістан қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, санитарлық тазалық пен қауіпсіздік талаптарының сақталу барысын тексерді. Атап айтқанда, «Қуаныш» және «Азиз» базарлары, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен теміржол вокзалы аумағы зерделенді.
Мониторинг барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Кейбір кәсіпкерлік нысандар мен азаматтардың санитарлық талаптарды сақтауға салғырт қарағаны, арық-атыздардың қоқысқа толып кеткені, қоғамдық орындарда ретсіздікке жол берілгені белгілі болды. Сонымен қатар кейбір нысандарда өрт және техника қауіпсіздігі талаптарының толық сақталмай отырғаны анықталды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары анықталған кемшіліктер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, барлық заң бұзушылықтарды қысқа мерзімде жоюды міндеттеді. Әсіресе базарлар аумағы, автотұрақтар, теміржол вокзалы маңы және тұрғындар көп шоғырланатын орындардағы тазалық пен қауіпсіздік мәселелері ерекше бақылауға алынды.
– Тазалық мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайды. Қоғамдық орындардағы ретсіздік, қоқыстың бейберекет тасталуы, арық-атыздардың ластануы және қауіпсіздік талаптарының сақталмауы – заң талаптарын өрескел бұзу болып саналады. Барлық жауапты мекемелер мен кәсіпкерлер өз аумақтарын талапқа сай ұстауға міндетті. Заң талаптарын сақтамайтын, тазалық пен тәртіпке салғырт қарайтын тұлғаларға қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылданады. Түркістан – еліміздің рухани әрі туристік орталығы. Сондықтан тазалық пен қауіпсіздік мәселесі әрдайым бірінші орында тұруы тиіс, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Сонымен қатар мердігер ұйымдардың жұмысына талдау жүргізіп, келісімшарт талаптарының орындалуын қатаң бақылауға алу тапсырылды. Өз міндеттерін сапасыз атқарған мердігерлерге қатысты заң аясында шара қолданылып, жауапкершілік мәселесі қаралатын болды.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты азаматтардың кәсіпкерлік қызметіне кедергі келтіру емес, керісінше заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлік субъектілерін заңдастыру, бюджетке түсетін салық көлемін ұлғайту және тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру болып табылады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары жұмыс сапарымен Кентау қаласына да барып, орталық базар аумағын, қала көшелерін, Сұлтанбек Қожанов атындағы саябақты, скверлерді, тұрғын үйлер аулаларын және индустриялық аймақтағы санитарлық тазалық жұмыстарын бақылады.
Зерделеу барысында қоғамдық орындардың күтімі, абаттандыру деңгейі, нысандардың сыртқы келбеті және санитарлық жағдайы тексерілді. Бірқатар аумақта тазалық талаптарының толық сақталмай отырғаны анықталып, жауапты тұлғаларға кемшіліктерді шұғыл түрде жою жөнінде тапсырмалар берілді.
Тексеру қорытындысы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары барлық анықталған кемшіліктерді бір апта ішінде толық жоюды, сондай-ақ атқарылған жұмыстар жөнінде нақты есеп ұсынуды міндеттеді.
Түркістан облысында санитарлық тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіпті нығайту және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Заң талаптарын сақтамайтын және тазалыққа салғырт қарайтын тұлғаларға қатысты бақылау күшейтіліп, тиісті шаралар тұрақты түрде қабылданады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


