Шымкент қаласының Текесу тұрғын алабында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Қала күні қарсаңында өткен салтанатты шараға шаһар әкімі Ғабит Сыздықбеков пен жергілікті тұрғындар қатысты.
Бұл нысан тұрғындардың көптен бергі сұранысы негізінде бой көтеріп, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесіне айналды. Мәдениет үйін салу мәселесі биылғы жылдың басында қала әкімінің халықпен кездесуі барысында көтерілген болатын.
Жаңа ғимарат ескі әрі заман талабына сай келмейтін нысанның орнына салынды. Құрылыс жұмыстары демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің нақты көрінісі болды.
Қала басшысы жаңа мәдениет үйі тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға және түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік беретін маңызды орталыққа айналатынын атап өтті.
Нысанның ашылуы Қала күні мерекесі қарсаңындағы маңызды оқиғалардың бірі болып, жергілікті атқарушы органдардың, бизнес өкілдерінің және тұрғындардың өзара тиімді ынтымақтастығының нақты нәтижесін көрсетті.
Мұндай нысандарды ел игілігіне беру – Шымкентті заманауи, жайлы және қарқынды дамып келе жатқан мегаполис ретінде дамыту стратегиясының маңызды бөлігі. Бұл ретте әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіруге және азаматтардың өзін-өзі жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылады.


