Зоосаябақты күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен жыл сайын 700 миллион теңге бөлінеді. Қаражат қызметкерлердің еңбекақысына, жануарлардың азық-түлігіне, ветеринарлық қызметтер мен басқа да қажетті шығындарға жұмсалады.
Шымкент зоосаябағы тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі саналады. Мұнда жыл сайын шамамен 700 мың адам келеді. Қаладағы жол жөндеу жұмыстарына қарамастан келушілер саны азаймаған. Әсіресе, балаларымен келген отбасылар көп.
Мамандардың сөзінше, Шымкенттің ыстық климатына жануарлардың басым бөлігі бейімделген. Сондықтан олар жаз мезгілін қалыпты жағдайда өткізіп, табиғи мінез-құлқын сақтап келеді.
Айта кетейік, Шымкент зоосаябағында жануарлардың 306 түрі бар. Жалпы аң-құстың саны 3650-ге жуық. Оларды күтіп-баптап, қорғап, тамағын беру 138 қызметкерге жүктелген. Оның ішінде саябақтың инфрақұрылымына, тазалығына жауапты инженер-техник мамандар да бар.


