Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа инфляция деңгейі, қаржы секторының жағдайы, алтын-валюта резервтері және Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтері туралы есеп берді.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында инфляция 12,3%-ға дейін төмендесе, 2026 жылғы мамырда 10,4%-ды құрады.
Өткен жылы Қазақстанның алтын-валюта резервтері рекордтық 65,4 млрд долларға жетті. Ұлттық қордың валюталық активтері 63,9 млрд долларға дейін өсті. Ал БЖЗҚ активтері бір жылда 2,7 трлн теңгеге ұлғайып, 25,1 трлн теңгені құрады.
Кездесуде қаржы жүйесін цифрландыру мәселесі де қаралды. 2025 жылы цифрлық активтерге арналған арнайы құқықтық режим іске қосылып, 30-дан астам пилоттық жоба жүзеге асырылды.
Ақорда мәліметінше, Қазақстан өңірде алғаш болып ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын іске қосты.


