Нәресте туғанда бірінші есімін таңдап, жөргегін дайындаймыз. Одан соң туу туралы куәлікті ала салып балабақшаға кезекке қоюға асығамыз. Себебі, сәл кешіксең, баланы балабақшаға беру мұңға айналады.
2 жасқа толған баланы бөбекжай-балабақшаға орналастыру күн тәртібінен түспейтін мәселе. Демографиялық өсім жағынан көш бастап тұрған Шымкенттегі жағдай айтпаса да белгілі.
Бала қабылдау және топтарды жасақтау жұмыстары жаз мезгілінде қыза түседі. Биыл бұл жұмыс маусымның 20-сы мен 30-ы аралығында өтті. Ережеге сай, мектеп жасына жеткен, 2020 жылғы балалар балабақшадан шығарылып, олардың орнына 2024 жылы туған бүлдіршіндерді қабылдау басталды.
Айта кетейік, қазіргі таңда балабақша кезегінде 30 мыңға жуық бүлдіршін тұр, 1 шілдеден бастап олардың 5 мыңы жолдама алып үлгерді.
Қалалық білім басқармасындағылардың айтуынша, жоспар бойынша биыл 2020 жылғы 15 мың бала мектепке барады. Сәйкесінше, босаған сол орынға 15 мың бала балабақшаға қабылданбақ. Яғни, биылғы жылдың жоспары бойынша 15 000 балаға жолдама беріледі.
Жалпы, балабақшаларда автоматтандырылған ваучерлік қаржыландыру жүйесі 2024 жыл енгізілген. Оның артықшылығы – «ақша баланың соңынан ереді»,- дейді педагогтар. Яғни, өз шағынауданындағы балабақшада орын болмаса, ата-ана басқа бақшаны таңдай алады немесе 4 балабақшаға күту парағын алуға құқылы. Сондай-ақ биыл мемлекет тарапынан қосымша 3500 ваучер бөлінген. Оның 1500-і сәуірде берілсе, қалған 2000-ы қазір үлестіріліп жатыр.
Білім басқармасындағылардың сөзінше, ата-аналар ваучердің берілу процесіне күмәнмен қарайды. «Ваучер берілмей жатыр» деп дүрлігеді. Алайда, «ваучерді» дер кезінде алу үшін бала туылған кезде бірден кезекке қойылуы керек. Тағы бір қателік – ваучердің берілуі туралы хабарлама жеке кабинетке смс арқылы келгенде ата-аналар аңғармай, мән бермей өткізіп алады. Алгоритм талаптары бойынша 28 күнде ваучерді кері қайтаруға мүмкіндік бар, бірақ оны да өткізіп алып, 1 айдан кейін келіп жатады. Жеке кабинеттеріңізге жиі кіріп, әсіресе жазғы жасақтау кезінде мұқият болу керек.
30 мың адам тұрған кезек бір күнде жылжымайтыны анық. Бірақ биылдың өзінде 15 мың бүлдіршінге орын дайындап отырған балабақшалар үшін бұл үлкен қозғалыс. Бастысы, жүйе ашық, ал алгоритм бәріне ортақ.
Айта кетейік, «ваучер» алу кезінде басымдық берілген санаттар да бар. Бұл процесс Оқу-ағарту министрлігінің №372 бұйрығына сай реттеледі. Құжатта мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетілетін 21 түрлі санат нақты бекітілген. Мысалы, әскери қызметшілер, педагогтер, медицина қызметкерлері және көпбалалы отбасылар жолдаманы бірінші кезекте алады. Осылайша, заң аясында бекітілген басымдықтар кезек жүйесін барынша әділ әрі ашық етуге мүмкіндік беріп отыр.
Ақерке Берекешова
