Біздің бағытымыз — мемлекеттік саясатты қолдау арқылы ел экономикасы мен әлеуметтік саланың өркендеуіне серпін беру.

Түркістанда Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік жиында медицина саласының үздік мамандары мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Сондай-ақ 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстық негізгі медициналық көрсеткіштерді орындауда үздік нәтиже көрсеткен Сауран аудандық емханасына жаңа автокөліктің кілті табысталды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ақ халатты абзал жандарға алғыс білдіріп, денсаулық сақтау саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

– Сіздерді Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер күн сайын адам жанына қамқор болып, саулық сыйлап келесіздер. Сондықтан халық сіздерді «Ақ халатты абзал жандар» деп құрметтейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халық денсаулығын сақтауды мемлекеттік саясаттың басты басымдығы ретінде айқындап келеді. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – еңбектеріңізге берілген жоғары баға. Мемлекет басшысының осы саясатын іске асыру аясында және Үкіметтің ерекше қолдауымен Түркістан өңірінде де денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда облыста 115 медициналық нысан салынды. Бүгінде тағы 25 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Медициналық ұйымдар 1548 дана заманауи құрал-жабдықпен толықтырылды. Жоғары технологиялық құрылғылар іске қосылып, сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі артты. Жедел жәрдем қызметіне 60 автокөлік пен 2 арнайы кешенді құрылғы берілді. Бұл шалғай ауылдардағы тұрғындарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндікті молайтты. Адам үшін ең қажетті емдік шипа – жүректен шыққан мейірім мен жылы сөз. Сіздердің күнделікті қызметтеріңіз дәл осы мейірімнен бастау алады. Сіздер адамға ем ғана емес, сенім мен үміт сыйлайсыздар. Ел амандығы мен ұлт саулығы жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деген Нұралхан Көшеров үздік атанған медицина саласының өкілдерін марапаттады.

Атап айтқанда, үздіктерге «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыс әкімінің грамотасы табысталды.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан медицинасы жаңа даму кезеңіне қадам басып келеді. Өткен жылы облыс дәрігерлері 75 мыңнан астам ота жасап, 42 ағза трансплантациясын сәтті орындады. Бұрын тек шетелде немесе елордада ғана жасалатын күрделі операциялар бүгінде өңірде жүзеге асырылуда. Сондай-ақ жылжымалы медициналық кешендер арқылы 486 ауылдағы 434 мыңнан астам тұрғын тексеруден өтті. Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында да нақты нәтижелер бар. Нәресте өлімі 18,3 пайызға, бала өлімі 14,9 пайызға төмендеді.

Share.
Exit mobile version