Түркістан облысында туризм саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы ретте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шаһардағы арбатқа арнайы барып, «KÖNE ARBAT» туристік маршутының жобасымен танысты.
Аталған нысан 0,98 гектар аумақты қамтиды. Жалпы ауданы – 8307,40 шаршы метр. Жоба туристер мен қала тұрғындарының жайлы демалуына қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ кәсіпкерлік пен мәдени туризмді дамытуға бағытталған.
Жоба аясында арбат аумағы кеңейтіліп, коммерциялық нысандар, террасалар, автотұрақ салу және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Мәселен, іске асырылатын коммерциялық үй-жайлардың жалпы ауданы 1090,94 шаршы метр болса, террасалардың жалпы ауданы – 368 шаршы метр. Автотұрақ алаңы 4225 шаршы метр. Ал абаттандыру жұмыстары жүргізілетін аумақ көлемі 2283 шаршы метрді қамтиды.
Сонымен қатар жаңа туристік кеңестікте көрме, кофехана, экспозициялық залдар, ашық қоғамдық алаң, реставрациялық шеберханалар, көлеңкесі бар демалыс аймақтар, мәдени іс-шаралар өткізуге арналған арнайы алаңдар қарастырылған.
Жоба сәулетшілері этномұражай салу ұсынысын да жеткізді. Бұл нысан мәдени жады мен заманауи сәулетті ұштастыратын берегей кеңістік ретінде жобаланған. Жоба Көне түрік дүниетанымындағы «Үш әлем» тұжырымдамасына негізделген. Су айдындары мен сәулеттік элементтер тарих пен қазіргі заман арасындағы үндестікті айқындап, келушілер үшін ерекше атмосфера қалыптастырады. Сондай-ақ жоба аясында заманауи креативті орталық салу ұсынысы да енгізілген. Нысан Түркістанның мәдени мұрасын қазіргі сәулет тілі арқылы жаңаша түсіндіріп, шығармашылыққа білім беруге, қарым-қатынас пен креативті индустрияларды дамытуға арналған ашық кеңістік қалыптастырады.
Өңір басшысы жобалармен танысып, Түркістанның туристік әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті. Сонымен бірге жауаптыларға жобаны жетілдіріп, тарихи сәулет үлгілерімен ұштастырып, жұмысты бекітілген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
