Түркістан облысында өтіп жатқан «БІРЛІК ЛАГЕРІ – 2026» аясында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев этнос жастарымен еркін форматта кездесті. Басқосуға сондай-ақ «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев қатысып, жастармен ашық пікір алмасты.
Төлеби ауданындағы «Тау Самалы» демалыс аймағында өткен кездесу барысында жастар өз ой-пікірлерін ашық айтып, өңірдің қоғамдық өміріне, жастар саясатына және этносаралық келісімді нығайтуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Ашық әрі шынайы сұхбат жастардың белсенді азаматтық ұстанымын танытып, өзара сенім мен түсіністікті одан әрі арттырды.
Еркін әңгіме барысында жастарға жаңа мүмкіндіктер, бастамаларды қолдау және бірлік пен татулық құндылықтарын дәріптеудің маңыздылығы туралы мазмұнды пікір алмасу өтті.
Сонымен қатар лагерь бағдарламасы аясында өткен ұлттық және зияткерлік спорт түрлері бойынша сайыстардың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Садақ ату, асық ату, арқан тарту, шахмат және тоғызқұмалақ жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар арнайы дипломдармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.
Айта кетсек, «БІРЛІК ЛАГЕРІ – 2026» – бұл тек демалыс алаңы ғана емес, достықты нығайтатын, көшбасшылық қасиеттерді дамытатын және бірлік пен татулық құндылықтарын дәріптейтін маңызды жастар платформасы. Лагерь жастардың бастамаларын қолдап, олардың қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасауға бағытталған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
