Түркістан қаласындағы халықаралық есу арнасында байдарка мен каноэде ескек есуден ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты жалғасуда. Үш жарыс күнінің қорытындысы бойынша Түркістан облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, өңір қоржынына 11 алтын, 10 күміс және 9 қола медаль салды.
Ел біріншілігінде чемпион атанған спортшылар қатарында Полат Төребеков, Артем Терещенко, Алишер Хаетов, Ульяна Киселева, Ольга Шмелева және София Килейкина бар. Сондай-ақ Руслан Федотов, Дәулет Шалдар, Георгий Шмелев, Дильфузохон Эргашханова, Милана Абдубаева және Карина Нұрғалиева жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионатына еліміздің 11 өңірінен келген 130-ға жуық ескек есу шебері қатысуда. Чемпионаттың алғашқы күнінде спортшылар 1000 метр қашықтықта сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады.
Аталған жарыс биыл күзде Жапонияның Нагоя қаласында өтетін жазғы Азия ойындарына қатысатын ұлттық құраманы жасақтаудағы шешуші іріктеу кезеңдерінің бірі саналады.
Ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетовтің айтуынша, Нагоядағы Азия ойындарында байдарка мен каноэде ескек есуден 12 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Дегенмен, әр мемлекет тек 10 бағдарлама бойынша спортшы қатыстыру мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар Азия ойындарының жарыс бағдарламасында 1000 метр қашықтық қарастырылмағандықтан, қысқа қашықтықтардағы бәсекелер ерекше тартысты өтеді деп күтіліп отыр. Қазақстан чемпионаты алдағы күндері де жалғасып, ұлттық құрама сапына енетін үздіктер анықталады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
