2026–2027 оқу жылында Түркістан облысының мектептерінде 568 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 50 мыңнан астам бала алғаш мектеп табалдырығын аттайды.
Қазір 1-сыныпқа қабылдау жалғасып жатыр. Жаңа оқу жылына дайындық мәселесі облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде қаралды. Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне барлық білім беру ұйымдарын оқу жылы басталғанға дейін толық дайын ету жөнінде тапсырма берді. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өткен оқу жылында өңірдегі 1106 мектепте 554 мыңнан астам оқушы білім алып, 67 мыңнан астам педагог жұмыс істеген. Ал пайдалануға берілген 29 «Келешек мектебінің» толымдылығы бүгінде 95 пайызға жеткен. Жаңа мектептерге 1581 мұғалім мен 801 техникалық қызметкер қабылданған.
«Облыста 1106 орта білім беру ұйымында 554 776 оқушы білі алып 676 636 педагог қызмет етеді. Мектептердің 940-ы мемлекеттік,166-ы жекеменшік. Жаңа оқу жылында 1-11 сыныптардағы оқушылар контингенті шамамен 569 мың оқушыны құрайды. Биылғы жылы 1 сыныпқа 50 273 оқушыны қабылдау жоспарда бар. Өткен жылы 49 888 оқушыны қабылдағанбыз»,-деді Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов.
Биыл оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 7,1 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы 60 мыңнан астам оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдық алуға қаржы қарастырылған.
Білім сапасы да жақсарып келеді. 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша облыстағы білім сапасының көрсеткіші 60 пайызға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға артқан. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа нәтижесі 62,4 балды құрап, республикалық орташа көрсеткіштен жоғары болған.Сонымен қатар жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдары жылу маусымына дайындалып жатыр. 110 білім нысанын табиғи газға көшіру жоспарланған. Бұл жоба жыл сайын шамамен 180 миллион теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Қарлығаш Байгөбек
