Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 3 мыңнан астам тұрғын Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы бастамаларға қатысты.
Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ жариялаған Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы іс-шаралар жалғасып келеді. Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 200-ге жуық іс-шара өткізіліп, оған 3,5 мыңға жуық адам қатысты.
Бүгінде өңірде 2 мыңнан астам белсенді волонтер бар. Олар қарттарға көмек көрсету, экологиялық бастамаларға үлес қосу, құтқару қызметтеріне қолдау білдіру, қайырымдылық шаралары мен қоғамдық маңызы бар жобаларды ұйымдастыруға қатысады. Облыста 14 волонтерлер фронт-офисі, 20-дан астам волонтерлер бірлестігі, 37 үкіметтік емес ұйым және 13 бастамашыл топ жұмыс істейді. Волонтерлік қозғалыстың жұмысын Жастар ресурстық орталығы жанындағы өңірлік фронт-офис үйлестіреді. Өңірде экологиялық бастамаларға басымдық беріледі. «Таза Қазақстан» акциясы аясында волонтерлер жүздеген іс-шара өткізіп, 19 тоннадан астам қоқыс жинады, мыңдаған көшет отырғызды. Табиғатты аялауға бағытталған бұл жұмыстарға 18 мыңға жуық жас жұмылдырылды. Облыстағы маңызды жобалардың бірі – «Мейірімді Шығыс» қайырымдылық акциясы. Алғашында өңірлік бастама ретінде қолға алынған жоба кейін «Мейірімді Қазақстан» республикалық акциясының аясында жалғасып, 10 мыңнан астам адамға көмектесті. Ұлттық волонтерлік желінің 2025 жылы жүргізген зерттеуі Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының 95 пайыздан астамы волонтерлік қызметтен хабардар екенін көрсетті. Бұл волонтерлер қозғалысының қоғамдағы маңызы артып келе жатқанын аңғартады.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысындағы ең жас волонтер – 13 жаста, ал ең егде күміс ерікті – 65 жаста. Бұл волонтерлікпен айналысу үшін жас шектеу болмайтынын, өзгеге қол ұшын созуға деген ниет қана маңызды екенін айғақтайды.
