Шымкентте қала күні қарсаңында қалалық инфрақұрылымды дамытуға, жайлы ортаны қалыптастыруға және тұрғындардың демалыс, шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жаңа нысандарды ашу рәсімдері одан әрі жалғасуда.
Бүгін ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев қала күні мерекесіне орай жаңа нысандардың құрылысын аралап, әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысты.
Алдымен Нұрлыбек Машбекұлы жаңа әуежай терминалына барды. Іс-шарада Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, “Скат” әуекомпаниясының президенті Владимир Денисов әуежайдың мүмкіндіктерімен таныстырып, тыныс-тіршілігін баяндады.
Сондай-ақ, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары екінші ұшу-қону жолағының құрылысы барысына куә болды.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың айтуынша, құрылыс қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта жұмыстың 20 пайызы орындалған. Жолақтың ұзындығы — 3,9 шақырым, ені — 75 метр. Мұнда кез келген ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік бар.
