Астана жағалауындағы заманауи дәретхана туралы видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, көпшілікті шошытты.
Кадрларда дәретханаға кірген адамның сырттан анық көрініп тұрғаны байқалған. Бұл жағдай тұрғындардың алаңдаушылығын туғызды.
Алайда Сарыарқа ауданы әкімдігі аппаратының мәліметінше, дәретхана қалыпты жұмыс істеп тұр. Есік толық жабылған кезде арнайы әйнек автоматты түрде күңгірттеніп, ішіндегі адамды сырт көзден жасырады.
Кейін белгілі болғандай, ешқандай техникалық ақау болмаған. Полицияның хабарлауынша, елорданың 20 және 22 жастағы екі тұрғыны әлеуметтік желіге видео түсіру мақсатында әдейі пранк ұйымдастырып, әйнектің күңгірттену режимін қоспаған.
Әзіл ретінде түсірілген видео көп қаралым жинағанымен, оның авторларына бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Енді олардың әрекетіне сот құқықтық баға береді.
Полиция өкілдері азаматтарға қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын еске салып, лайк пен қаралым үшін заң талаптарын бұзуға болмайтынын айтты.
