Біздің бағытымыз — мемлекеттік саясатты қолдау арқылы ел экономикасы мен әлеуметтік саланың өркендеуіне серпін беру.

Отандық өнімдеріміз Қытай сөрелеріне жол тартпақ.

Қазақстандық өндірушілер Қытай нарығына шығу мүмкіндіктерімен танысты. Көрмені Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, Ұлттық кооперативтер және экономикалық қоғамдастығы ұйымдастырды. Жергілікті кәсіпкерлерге инвестиция тартуға және өнімдерін Қытай нарығына шығаруға қолдау көрсету осы жобаның басты мақсаты. Бізде Қытайға өнім экспорттауда айтарлықтай тәжірибесі бар кәсіпкерлер де жоқ емес. Іскерлік байланысын нығайтуды көздеп отырған кәсіпорындардың бірі – кшымкенттік «БАЛ ТЕКСТИЛЬ» кілем фабрикасы

Біз кәсіпкер ретінде Қытай нарығына шығудың мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат алып, жаңа бағыттарды зерттеп жатырмыз. Отандық өндіруші ретінде Қытай нарығында үш жылдан бері табысты жұмыс істеп келеміз. Осы уақыт ішінде жаңа идеялар мен құнды тәжірибе жинақтадық. Қазіргі таңда біздің өнімдеріміз негізінен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында, әсіресе қазақтар мен ұйғырлар көп қоныстанған өңірлерде сатылуда,-дейді «Бал Текстиль» ЖШС өндіріс бойынша директор орынбасары Нүркен Қарақұлов. 

Отандық тауар өндірушілер осы кездесуде China Co-op – Қытайдың ең ірі кооперативтер желісімен танысты. Алып компания елдің нарығына шығу тетіктерін айтып берді және кезеңдеріне тоқталды. Кәсіпкерлер қойған сауалдардың дені отандық өнімді сертификаттау, логистика және маркетинг бағытына қатысты болды.

Қытай нарығында органикалық таза тағамдарға сұраныс өте жоғары. Бір ай бұрын біз кәсіпкерлер тобын Қытайға апардық. Сол жерде қазақстандық шөп шайларына, бал мен жаңғақтарға үлкен қызығушылық танытылып, ынтымақтастыққа бірден ұсыныс жасалды. Қытай нарығына шығу көптеген құжаттарды талап ететін күрделі процесс. Бірақ біз отандық өндірушілерге бұл жолды жеңілдетеміз. Өнімдер алдымен China Co-op жүйесіндегі 341 сауда орталығына дегустациялық кезеңге жіберіледі. Бұл кезеңде толық құжаттар пакеті талап етілмейді,-деді Nacofec  президенті Қазыбек Шайх. 

 Аталған жоба аясында кәсіпкерлерге Қытай нарығына шығуға қажетті арнайы оқыту курстары алдағы уақытта тегін ұсынылмақ. Қазақстандық 11 кәсіпкер Қытай нарығына биылдан-ақ шығуды жоспарлап отыр.

 

Нұрай Жылқыбай

 

 

Share.
Exit mobile version