Біздің бағытымыз — мемлекеттік саясатты қолдау арқылы ел экономикасы мен әлеуметтік саланың өркендеуіне серпін беру.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Туризм және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, спорт инфрақұрылымын дамыту және халықтың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмыс жүргізуде.

Қазіргі таңда елімізде 26 518 спорт нысан бар.  Халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі 59,6%-ды құрайды. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 62,1%-ға тең. Осыдан-ақ, өңірлерде спорт нысандары желісінің тұрақты түрде кеңейіп келе жатқанын аңғаруға болады.

Министрлік заманауи стадиондар салуға ерекше көңіл бөлуде. Бүгінде елімізде 30 ірі стадион бар. Сонымен қатар тағы 15 стадионның құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шымкент және Семей қалаларында жаңа стадиондар салынып жатыр. Бұл нысандарды 2028-2029 жылдары пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, тағы жеті стадионның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Тараз қаласында жаңа стадион салуға жер телімі белгіленсе, Қостанай және Ұлытау облыстарында жобаларды іске асыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары ірі спорт кешендерінің құрылысын да қамтиды. 2024 жылы 90 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның 61-і ауылдық жерде орналасқан. 2025 жылы 147 спорт нысанының құрылысы аяқталды, оның 107-сі ауылдық елді мекендерде салынды. 2026 жылы тағы 121 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Министрлік 2026-2028 жылдарға арналған спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жол картасын іске асыруға кірісті. Құжат аясында 86 инвестициялық жобаны, оның ішінде 56 жобаны ауылдық жерлерде жүзеге асыру көзделген. Балалар және бұқаралық футболды дамыту да негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, балаларға арналған футбол алаңдарын салу бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. 2025 жылы елімізде 520 футбол алаңы пайдалануға берілді. Оның 378-і ауылдық жерлерде орналасқан. Биыл бұл жұмыстар республика бойынша жалғасып жатыр. Аталған жобаларды іске асыру заманауи спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттырып, халықтың дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұқаралық, балалар және жасөспірімдер спортын еліміздің барлық өңірінде одан әрі дамытуға серпін береді.

Share.
Exit mobile version