DATAmetrics жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қазақстандықтардың басым бөлігі еліміздің даму бағытын қолдайды.
Респонденттердің 87,8%-ы еліміз дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді. Азаматтардың сайлау процесіне қатысуға дайындығы да жоғары деңгейде. Зерттеу барысында: «Егер алдағы жексенбіде Құрылтай (Парламент) сайлауы өтсе, Сіз дауыс беруге барар ма едіңіз?» деген сұрақ қойылған. Нәтижесінде, респонденттердің 75,6%-ы сайлауға қатысуға ниетті екенін айтқан. Оның ішінде 44,2%-ы нақты дауыс беретінін, ал 31,4%-ы дауыс беруі мүмкін екенін жеткізген.
Саяси партияларға қолдау деңгейі бойынша: «Әділет» партиясы – 54,2%, «Ауыл» партиясы – 7,3%, «Ақ жол» партиясы – 4,6%. Сонымен қатар, азаматтардың 22,6%-ы қай партияға дауыс беретінін әлі шешпеген. Айта кетейік, зерттеу 13 маусым – 2 шілде аралығында жүргізілген. Оған еліміздің барлық өңірінен 8 мың адам қатысты.
