Біздің бағытымыз — мемлекеттік саясатты қолдау арқылы ел экономикасы мен әлеуметтік саланың өркендеуіне серпін беру.

Абай облысында алғаш рет «Алакөл алаулары – 2026» мәдени-туристік фестивалі өтіп жатыр. Бұл – жазғы туристік маусымдағы ең ауқымды мәдени іс-шаралардың бірі.

Фестиваль мәдениет пен туризм салаларын тоғыстырып, өңір тұрғындары мен қонақтарына мазмұнды әрі тартымды бағдарлама ұсынады. Бағдарлама аясында танымал отандық өнерпаздардың концерттері, облыстың қала-аудандарының шығармашылық ұжымдарының өнер көрсетуі, сондай-ақ мемлекеттік және ұлттық мерекелерге арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Фестиваль бағдарламалары апта сайын өткізіліп, әр аудан Абай өңірінің тарихын, салт-дәстүрін және шығармашылық әлеуетін таныстыратын арнайы мәдени бағдарламасын ұсынады. Фестиваль ашылған күннен бастап көрермендердің ерекше қызығушылығына ие болды. Салтанатты ашылу рәсіміне шамамен 7,5 мың адам қатысты. Талдықорған қаласының мәдениет күндері аясындағы іс-шараларға 4 мыңға жуық көрермен жиналса, Семей қаласының мәдениет күндері аясындағы концерттік бағдарламаны 8,5 мыңға жуық адам тамашалады. Мәдени жобалармен қатар, Алакөл жағалауындағы туристік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.

Заманауи құтқару станциясының құрылысы аяқталып, тәулік бойы дәрігерлер, полиция қызметкерлері мен құтқарушылар кезекшілік атқаратын кешенді қауіпсіздік пункті пайдалануға берілді.

Жағажай аумағына қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар, санитарлық тораптар, құтқару мұнаралары, ақпараттық пункттер және бейнебақылау камералары орнатылды.

Жаңа автомобиль жолдары салынып, электр желілері тартылды. Сонымен қатар жағалауды нығайту, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және коммуналдық жүйелерді жаңғырту бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

«Алакөл алаулары – 2026» фестивалі 1 тамызға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде өңір тұрғындары мен қонақтары апта сайын өтетін мәдени іс-шараларды тамашалап, мазмұнды демалыс өткізуге мүмкіндік алады. Фестиваль Абай облысында ішкі туризмді дамытуға, өңірдің мәдени әлеуетін кеңінен насихаттауға және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға өз үлесін қоспақ.

Share.
Exit mobile version