«ҚазАвтоЖол» жолдарға жаңа «ақылды» камераларды орнатып жатыр.
«ҚазАвтоЖолдың» мәліметінше, жүйе тәулік бойы жолдағы ахуалды бақылап, қауіпті жағдайларды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жүйе жолдың жүру бөлігіндегі адамдардың немесе жануарлардың болуын, көліктің қарсы жолақпен не кері бағытта қозғалуын, тоқтау және тұраққа қою қағидаларының да бұзылуын анықтай алады. Бұдан бөлек, камералар көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін танып, оның маркасы мен түсін анықтайды. Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – автономды жұмыс істеуі. Камералар күн панельдері мен жел генераторлары арқылы қуат алатындықтан, тұрақты электр желісі жоқ шалғай жол учаскелерінде де үздіксіз жұмыс істейді. Ал жиналған ақпарат нақты уақыт режимінде жол қызметтеріне жіберіліп, жол-көлік оқиғалары мен өзге де төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Әзірге пилоттық жоба Алматы – Қонаев ақылы жолында іске қосылған. Сонымен қатар ұзындығы 134 шақырым болатын Астана – Теміртау автожолында камералар мен қажетті жабдықтарды орнату жалғасуда. Ал Астана – Щучинск бағытында жүйенің жұмыс істеуіне қажетті байланыс инфрақұрылымы әзірленуде.
Жаңа жүйенің мақсаты – жүргізушілерге автоматты түрде айыппұл салу емес, жол қауіпсіздігін арттыру және қауіпті жағдайларды алдын алу. Алдағы уақытта мұндай кешендер Қазақстанның автожолдарын бақылайтын бірыңғай интеллектуалды мониторинг жүйесінің құрамына енеді.
Естеріңізге сала кетейік, 4 мамырдан бастап Шымкентте қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға, жол қозғалысы ережелерін сақтауға, жол көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Мерген» бақылау камералары іске қосылған болатын. Шаһар бойынша 75 камера жұмыс істеп тұр.
